Logo

Ticketon

Search icon 1 YouTube 1 FB Icon Insta Icon

8426

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің негізгі бағыттарының бірі музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімі болып табылады. Музейге жастарды тарту және патриоттық-адамгершілік тәрбие беру, шығармашылық тұлға қалыптастыруда бөлімде кешенді мәдени-білімдік шаралар ұйымдастырылады. Музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімі арнайы бағдарламалар мен жобалар негізінде мектеп оқушыларына, арнаулы орта білім беру және жоғарғы оқу орны студенттеріне қосымша білім беру мен тәрбие беру бағыттарында жұмыс істейді. Музей – тәрбиелік және танымдық құндылықты қатар беретін тарихи жад және музеймен танысу мен ұғынудағы жаңа технологиялар әрбір балаға жастайынан өнерді сүюге, мәдениет пен ғылымға бейімделуге мүмкіндік береді. Ұрпақты отансүйгiштiкке, жасампаздыққа тәрбиелеу мақсатында қолға алынған жобалардың нәтижесiнде музей педагогикасы мен мектеп педагогикасы ұштастырылып, Ұлттық музей мен Нұр-Сұлтан қаласының мектептері арасында серiктестiк қарым-қатынастар орныққан.

51984

Қазіргі таңда музей адам шығармашылығының даму құралы ретінде танылады. Музейді білімдарлығыңды жетік жүзеге асыратын орын деуге болады. Музейлерде білім беру бағдарламаларын, әдістемелік құралдарын сәтті жүзеге асыру үшін музей аудиторияларын оқытуды іске асыру керек. Осы мақсатта ҚР Ұлттық музейінің Музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімі бірқатар жобаларды жүзеге асырып келеді. Атап айтсақ, «Тарихи тұлғалар», «Музейдегі тарих сабағы», «Шаңырақ», «Қызықты этнография», «Әсемдікке құштарлық», «Дана» жобалары. Сонымен қатар «Мирас», «Кескіндеме және графика», «Шебер» студиясы мен үйірмелері жас жеткіншектерге тегін қызмет көрсетеді.

54141

«Тарихи тұлғалар» жобасының мақсаты – қазақтың ежелгі тарихынан бастап қазіргі заман тарихына дейінгі тұлғалардың тарихтағы рөлін, елеулі тарихи оқиғалар мен құбылыстарды әр түрлі іс-шара түрлері арқылы тарих пен мәдениетке қызығушылығы бар жастардың білімдерін, рухани дүниесін дамыту. Іс-шараларда көрнекілік құралы ретінде қолданылатын музейдегі құнды жәдігерлер мен кітаптар балалардың жан-жақты білім алуына мол септігін тигізеді.

96525

«Музейдегі тарих сабағы» ҚР БҒМ Астана қаласының Білім басқармасымен бірлесіп, білім беру мекемелеріндегі оқу бағдарламаларындағы гуманитарлық пәндер әдеттегідей мектеп сыныптарында емес, музейлерде өткізу жоспары жасалып, мектеп мұғалімдері сабақтарын музей залдарында өтеді.

98165

«Шаңырақ» жобасы аясында өткізілетін музейлік сабақтар ананың әлдиінен, атаның қасиетті сөздерінен бастау алады. Бұл жоба қазақ халқының ғана емес, өзге ұлт өкілдерінің салт-дәстүрімен, әдет-ғұрыптарымен танысуға мүмкіндік береді. Іс-шаралар ойын, ертегі, концерттік, театрандырылған көріністер ретінде ұйымдастырылады

541742

«Әсемдікке құштарлық» жобасы жас ұрпақтың қоршаған ортаның әсемдігін, әдемілігін эстетикалық талғамдарын қалыптастыра отырып, әртүрлі жас ерекшеліктеріне қарай және әлеуметтік белсенділіктеріне сай айналадағы ортаны, табиғатты және эстетикалық қабылдау және шығармашылық қабілеттерін ашуға арналады. Жоба аясындағы квест және музей сабақтары, лекциялар, театрландырылған шаралар, дебат турнирлерде жастар эстетикалық талғамдары мен шығармашылық әлеуетін дамытуға мүмкіндік алады.

D4S 2860

«Қызықты этнография» жобасының мақсаты қазақ халқының көшпенді өмір салтына ыңғайлы етіп құрылған түрлі ойындар аясында ұйымдастырылған шараларға келушілерді қатыстыру. Жоба аясында «Асық ату», «Ләңгі», «Тоғыз құмалақ», «Хан талапай» ойын сабақтары, қазақ халқы мен әлем елдерінің жұмбақтары мен жаңылтпаштары ойын сабақ түрінде өткізіледі.

Мәдени мұраларды насихаттау мақсатында, белсенді азаматтық көзқарас пен шығармашылық тұлғаны қалыптастыруда, эстетикалық мәдениетке баулу жолында студенттік «Дана» клубы жұмыс істейді. Студенттер клубының басты мақсаты – өнерлі жастардың шығармашылық қабілеттерін анықтап, шығармашылық әлеуеттерін дамыту.

D4S 5470

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде 2017 жылдан бастап «Мейірім» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылуда. Оның негізгі мақсаты – музейлік кеңістік арқылы мүмкіндігі шектеулі келушілерді әлеуметтендіру; ерекше біліми қажеттіліктері бар балаларға инклюзивті шығармашылық кеңістік қалыптастыру арқылы шығармашылық әлеуетін ашуға мүмкіндік беру, шыдамдылық пен түсіністікте тәрбиелеу, сондай-ақ бос уақыттарын тиімді пайдалануға шақыру, жалпы қоғамда тәуелсіз өмірге баулу. Мәдени-ағартушылық іс-шаралар келушілердің диагнозын ескеріп арнайы әдістемемен жүзеге асырылады. Ол үшін қажетті жағдайдаларда сурдоаудармашылар шақырылып, Брайль шрифтімен жазылған арнайы мәтіндер қолданылады.

ҚР Ұлттық музейі Музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімінде «Ұрпақ+» мәдени-білім беру жобасы аясында «Мирас», «Кескіндеме және графика», «Жас археолог» және «Шебер» үйірмелері жұмыс істейді.

«Шебер» үйірмесі балаларға музей реставраторлары мен тігіншілері аптасына 2 рет қолөнер, бисермен жұмыс, тігін, тоқыма, киізбен жұмыс, ою-өрнек т.б. бағдарламалармен бағыт-бағдар береді. Жыл соңында бөлім үйріме жұмысын қорытындылап, балалардың жасаған жұмыстары бойынша көрме ұйымдастырады.

«Кескіндеме және графика» үйірмесінің жетекшісі ҚР Қазақстан дизайнерлер одағының мүшесі Мұхтар Байбосын балаларды сурет өнерінің қыр-сырымен таныстырып, акварельмен, акрилмен, маймен бояуды үйретеді.

«Мирас» үйірмесінің негізгі мақсаты Қазақстан тарихы сабағынан алған білімдерін бекіту; мектеп оқушыларын экскурсиялық жұмыстардың қызметінің әдістеріне машықтандыру; білім беру жобасын жүзеге асыру үшін дәрістер оқып және музей залдарында практикалық сабақтар өткізу; болашақ гид-экскурсоводтарды дайындау.
Сонымен қатар жыл сайын дәстүрлі түрде Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесі мен Жаңа жылға орай қала мектептерінің оқушыларының қатысуымен балаларға арналған ертеңгілік қойылымдар ұйымдастырылып, оған актер ретінде 20-дан аса музей қызметкерлері қатысады.